20
ноябрь
2020
...Ақ босаға, мерейлі бақ босаға... атты тәрбие тренингі өтті
«Ұрпақ тәрбиесі», «Әке көрген оқ шонар, шеше көрген тон пішер» тақырыбында Мектебімізде ...Ақ босаға, мерейлі бақ босаға... атты тәрбие тренингі өтті. Тренингке көпті көрген ардақты апаларымыз, аяулы келіндеріміз, инабатты, ибалы қыздарымыз қатысты. Басты мақсаты: Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу. Әже тәрбиесін үлгі ету, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану.
Бұл тақырып мемлекетіміздегі ең актуалдық мәселе болғандықтан, өсіп келе жатқан ұрпаққа дұрыс жағынан тәрбие беру біздің міндет болып табылады. Ана – ақ сүті арқылы ұлттың асыл қасиетін, ата-баба өсиетін, асыл діні мен тілін, салты мен ділін ұрпақ бойына дарытатын жан. Ал бүгінгі ана – кешегі бойжеткен қыз – ертеңгі асыл әже. Демек, бүгінгі қыздардың қолында бүкіл бір ұлттың тағдыры мен болашағы тұр. Біз ибалы да инабатты, тәлім-тәрбиелі қыз өсіру арқылы қазақтың ұрпағын тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан болашақ ана атанар бұрымдыларымыз жұрт алдында ізеттілігімен көзге ілігіп, ұлт болашағы өздері екенін сезініп өсуі тиіс.
Біз бүгінгі қыз баланың бойынан нәзіктік пен сұлулықты, ұяңдық пен инабаттылықты, сыпайылықты, әдемілік пен ұялшақтықты, өнерпаздық пен іскерлікті, шеберлік пен ақ ниетті, ақкөңіл қасиеттерді тәрбиелеуіміз қажет.



